6-22 ақпан күндері Милан мен Кортина-д'Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада өтеді. Қазақстан бұл жарысқа Тәуелсіз мемлекет ретінде тоғызыншы рет қатысуда. Елдің ұлттық құрамасы алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиадада өнер көрсетті.
Сол кезде Қазақстаннан 29 спортшы спорттың сегіз түрінен бақ сынады. Шаңғышы Владимир Смирнов сол Олимпиадада бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алып, команда жалпы есепте 12-орынға тұрақтады. 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Олимпиадаға 60 спортшы қатысып, екі қола медаль иеленді. Біріншісі — Владимир Смирнов, екіншісі — конькимен жүгіруден Людмила Прокашева.
Жүлдесіз Олимпиадалар
2002 жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) және 2006 жылы Турин (Италия) қалаларында өткен қысқы Олимпиадалар Қазақстан үшін жүлдесіз аяқталды. Солт-Лейк-Ситиде 52 спортшы, ал Туринде 43 спортшы өнер көрсетті. Алайда 2010 жылы Ванкувердегі (Канада) Олимпиадада 37 спортшы қатысып, бір күміс медаль жеңіп алды. Биатлон бәсекесінде Елена Хрусталева жекелей сайыста күміс жүлде иеленді.
Соңғы жетістіктер
2014 жылы Сочи (Ресей) Олимпиадасында 51 спортшы бақ сынап, Денис Тен қола жүлдеге ие болды. 2018 жылы Пхёнчханда (Корея Республикасы) өткен Олимпиадада 44 спортшы қатысып, фристайл-могул өкілі Юлия Галышева тағы бір қола медаль жеңіп алды. 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен қысқы Олимпиадада 34 спортшы (17 ер, 17 әйел) қатысқанымен, жүлдеге қол жеткізе алмады. Тек шорт-трекші Абзал Әжғалиев 500 метр қашықтықта төртінші орынға ие болды.
Қазақстан қысқы Олимпиада тарихында барлығы 8 медаль (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) жеңіп алып, бес спортшы тұғыр сатысына көтерілді. Соңғы жүлде 2018 жылы Пхёнчханда алынды.